Атыраулық жас теннисші Габриель Брегвадзе — 12 жасқа дейінгі санат бойынша Қазақстанның абсолютті чемпионы, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
16–21 ақпан аралығында Алматы қаласында 12 жасқа дейінгі ойыншылар арасында теннистен Қазақстан чемпионаты өтті. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған 64 үздік спортшы бақ сынаған жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Атыраулық жас теннисші Габриель Брегвадзе жекелей сында да, жұптық сында да алтын медаль жеңіп алып, ел чемпионы атанды. Ол тенниспен 5 жасынан бастап анасы, бапкері Вера Тихомированыӊ жетекшілігімен айналысып келеді.
Бұған дейін де жас спортшы халықаралық аренада жарқырап көрініп, Ереван қаласында өткен Tennis Europe сериясындағы турнирде жеңімпаз атанып, Еуропадағы басқа да жарыстарда жүлдегер болған еді.
Габриель Брегвадзе бүгінде Қазақстандағы ең болашағы зор жас теннисшілердің бірі екенін сенімді түрде дәлелдеп келеді.