Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атырауда жеке балабақша өкілдері тәлімгерлік әдістеріне оқытылды

 Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Тәлімгерлік мектебінде жеке балабақшалардың тәлімгерлеріне арналған «Жұмыс орнында оқыту педагогикасы» бағдарламасы бойынша оқу өтті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Аталған курс дуалды білім беру жүйесі аясында ұйымдастырылып, 16 академиялық сағатқа есептелген. Екі күндік оқыту қорытындысы бойынша тыңдаушыларға сертификаттар табысталды. Айта кету керек, бұған дейін бұл оқытуды «Атамекен» ҰКП орталық аппаратының тренерлері жүргізген. Ал биылдан бастап Атыраудағы сабақтарды Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы Амангелді Иманов өткізуде. Ол «Жұмыс орнында оқыту педагогикасы. Тренер-тәлімгерлерді аттестаттау» бағдарламасы бойынша даярлықтан өтіп, тренер-мультипликатор біліктілігін растаған. Екі күн бойы тренер қатысушыларға Қазақстанда дуалды оқытуды енгізу және жүзеге асыру бойынша осы саладағы 10 жылдан астам тәжірибесін таныстырды. Бағдарлама аясында нормативтік-құқықтық және заңнамалық негіздер — Еңбек кодексінің ережелерінен бастап уәкілетті министрліктердің салалық бұйрықтарына дейін жан-жақты қарастырылды. Жұмыс орнында оқыту модельдері мен әдістеріне, сондай-ақ тәлімгер мен тәрбиешінің кәсіби стандарттарына ерекше назар аударылды. Қатысушылар студенттерге практикалық дағдыларды тиімді жеткізу құралдарын және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар жағдайында өндірістік оқытуды ұйымдастыру мәселелерін талқылады. Курстың ең жас тыңдаушысы — 26 жастағы жеке балабақша тәрбиешісі Әсел Камонова болды. Ол алған білімінің практикалық маңыздылығын атап өтті.

«Бұл оқу мен үшін өте пайдалы болды. Мен жұмыс орнында тәлімгерлік пен білім алушыларды бейімдеу үдерісін қалай дұрыс ұйымдастыруға болатынын көрдім. Жаңа әдістерді өндірістік оқытуда қолдануды және тәжірибемді әріптестеріммен бөлісуді жоспарлап отырмын», — деді Әсел Камонова. 

Тренер-мультипликатор Амангелді Имановтың айтуынша, тәлімгерлікті дамыту кадрларды даярлау сапасына ғана емес, ұжым ішіндегі ахуалға да оң әсер етеді. «Жұмыс орнында оқытудың сауатты құрылған жүйесі мықты корпоративтік мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Тәлімгерлік ұжымдағы микроклиматты жақсартып, кәсіпорынның әлеуметтік жауапты жұмыс беруші ретіндегі имиджін нығайтады», — деп атап өтті ол. Жалпы, биыл Атырау облысында дуалды білім беру жүйесіне тартылған экономиканың түрлі салаларындағы кәсіпорындардан жүзге жуық тәлімгерді оқыту жоспарланып отыр. Ұйымдастырушылар тренер-тәлімгерлерді жүйелі түрде даярлау өңірдің адами капиталын дамытудағы маңызды қадам болатынына сенімді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ