Мөлдір Атанай Дубай қаласында өткен халықаралық UAE SWAT Challenge жарысында ел намысын абыроймен қорғап, кәсіби шеберлігімен көзге түсті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Халықаралық додада ол қыздардан құралған «Томирис» командасының құрамында бақ сынап, үздік жиырма команданың қатарына қосылды. ӨКҚ мәліметінше, жарыс қорытындысы бойынша Атанай Мөлдір Қазақстан Республикасының Президенті мен ҚР Ішкі істер министрлігінің арнайы қабылдауында болып, құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін медалімен марапатталды.
Мөлдір 1994 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Аудан орталығындағы М.Ломоносов атындағы жалпы орта мектепте білім алды. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ спортқа бейімділігін танытқан ол жеңіл атлетикамен айналысып, қыздар арасында футбол, волейбол, гандбол ойындарында «Үздік қақпашы» атанды. Сонымен қатар өнер мен биді қатар алып жүріп, қоғамдық өмірге белсене араласты.

2011 жылы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің Ақтөбе заң институтына оқуға түсіп, 2015 жылы оқу орнын үздік дипломмен тәмамдады. Студенттік жылдары да спорттық және мәдени іс-шараларға белсенді қатысып, түрлі жетістіктерге жетті.
Еңбек жолында Жедел басқару орталығы бастығының орынбасары, Ақтөбе қалалық полиция басқармасының кезекші бөлімдері бастығы қызметтерін атқарды. Қазір Астана қаласы полиция департаментінің Жедел әрекет етудің арнайы жасағы – СОБР құрамында полиция майоры лауазымында қызмет етеді.
Атырау өңірінен шыққан қайсар қыздың бұл жетістігі – қазақстандық полиция қызметкерлерінің кәсіби дайындығы мен ел намысына адалдығының жарқын көрінісі.
