Жиынға өңірлік және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, қала дамуына қатысты өзекті мәселелер бойынша сұрақтарын қойды. Баспасөз конференциясы тікелей эфирде ұйымдастырылып, қала тұрғындары да онлайн форматта маңызды ақпаратпен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Қала әкімі өз баяндамасында өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңде жүзеге асырылатын негізгі жобалар мен басым бағыттарды атап өтті. Сонымен қатар журналистер мен әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Іс-шара соңында 14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күніне орай БАҚ өкілдеріне арнайы кітаптар тарту етілді. Бұл бастама кітап оқу мәдениетін насихаттауға және қоғамда білім мен парасат құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.
- 2024 жылы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деп атап өткен болатын. Кейін «Ұлт оқитын 100 кітап» тізімі бекітіліп, ел көлемінде рухани серпіліс басталды. Біз сол тізімнен арнайы таңдап алынған бірқатар кітаптарды бүгін, 14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күніне орай, сіздерге тарту етуді жөн көрдік. Журналист – тек ақпарат таратушы ғана емес. Сіздер – қоғамдық пікір қалыптастыратын, елдің ой-санасын бағыттайтын зиялы қауым өкілдерісіздер. Кітап оқу – терең ойдың, сапалы талдаудың, парасатты пайымның қайнар көзі. Ал парасатты сөз – қоғамды алға бастырады, - деді қала басшысы Ш.Кейкин.
Бұл баспасөз конференциясы билік пен қоғам арасындағы ашық диалогты нығайтуға және қала дамуы туралы тұрғындарды кеңінен ақпараттандыруға мүмкіндік берді.
Аман ШАМАР