Қызылқоғада аудан тұрғындарын таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Соның айқын дәлелі – Миялы-Тайсойған топтық су құбырының құрылысы. Аудан әкімдігінінен білгеніміздей, қазіргі таңда бұл маңызды инфрақұрылымдық жоба қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Аталмыш құрылысты «Сапа құрылыс 2007» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Жоба аясында жалпы ұзындығы 73,5 шақырымды құрайтын магистральды су құбыры тартылып, 12 су ұңғымасын қазу жоспарланған. Бүгінгі таңда мердігер мекеме барлық 12 ұңғыманы толық қазып, 66 шақырым су құбырын жүргізіп үлгерді.
Жобаны қаржыландыру мәселесі де өз шешімін тауып отыр. Ағымдағы жылға қарастырылған қаржының 90 пайызға жуығы бөлініп, құрылыс жұмыстарының үздіксіз жүруіне мүмкіндік беруде. Құрылыс нысанын жыл соңына дейін толық аяқтап, ел игілігіне беру жоспарлануда.
Осы бағытта бүгін аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали құрылыс жұмыстарының жүру барысымен етене танысу мақсатында арнайы барып, нысан басындағы жұмыстарды көзбен көріп, жауапты мамандармен пікір алмасты. Сапар барысында құрылыс сапасына, жұмыс қарқынына және қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударды.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 2 экскаватор мен 12 жұмысшы тынымсыз еңбек етуде. Сонымен қатар полиэтилен құбырларын біріктіру жұмыстары екі нүктеде қатар жүргізіліп жатыр. Алдағы кезеңде су айдау нысандарын салу көзделіп отыр.
Миялы –Тайсойған топтық су құбыры – халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба. Оның табысты жүзеге асуы ауданның жарқын болашағына жасалған нақты қадам болмақ.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ