«Армысыңдар, ауғандық жауынгерлер» атты мәдени шара өтті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай Атырау қаласында «Армысыңдар, ауғандық жауынгерлер» атты мәдени шара ұйымдастырылды. Шараға ауған соғысының ардагерлері, ақсақалдар, облыстық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары, Батыс өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генералы, сондай-ақ әскери бөлімдердің жауынгерлері мен қала тұрғындары қатысты. Ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етіліп, бір минут үнсіздік жарияланды.
Іс-шараға Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ердос Әбдісаттаров арнайы қатысып, ардагерлерді мерекемен құттықтады.
- Бұл күн – ерліктің, батырлықтың, антқа адалдықтың және Отан алдындағы қасиетті борышты абыроймен атқарудың символы. Сіздер әскери антқа адал болып, сын сағатта қайсарлық пен табандылық танытып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолында нағыз ерліктің үлгісін көрсеттіңіздер. Сіздердің жүректеріңізде бір ғана мақсат болды – ел тыныштығын қорғау және бейбіт өмірді қамтамасыз ету. Бүгінде Атырау қаласында 60-қа жуық ауған соғысының ардагері өмір сүруде. Сіздердің өмір жолдарыңыз – жас ұрпақ үшін Отанға адал қызмет етудің, антқа беріктіктің және шынайы патриотизмнің жарқын үлгісі,-деді Е.Ғаниұлы.
Кеш барысында ардагерлерге құрмет көрсетіліп, концерттік бағдарлама ұсынылды. Батыр ағаларымызға алғыс айтылып, ыстық ықылас білдірілді.
Амандық АБДОЛ