Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында Қызылқоға ауданынан келген кәсіпкер Нұрбол Жарылғасиннің өтініші қаралды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Іс мән-жайына сәйкес, кәсіпкер құс шаруашылығын жүргізуге арналған жер телімінің иесі болып табылады. Жер телімінің маңынан «Кереген–Сағыз–Жамансор» топтық су құбыры өтеді, ол «Сағыз Су Арнасы» ЖШС-нің теңгерімінде. Шаруашылық қызметін қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкер техникалық шарттар алу үшін серіктестікке жүгінген.
«Өткен жылдың қыркүйек айында «Сағыз Су Арнасы» ЖШС маған техникалық шарттар берді, оған сәйкес қосылу нүктесі жер телімінен 600 метр қашықтықта, төмен орналасқан аумақта белгіленді. Ал менің жер телімім биіктеу жерде орналасқан, бұл судың қозғалыс бағытына қарсы құбыр тартуды, сорғы жабдықтарын орнатуды және қосымша жер қазу жұмыстарын жүргізуді талап етеді, соның салдарынан елеулі қаржылық шығындар туындайды. Осыған байланысты мен Қызылқоға ауданының әкімдігіне шағымданып, Кәсіпкерлер палатасына да өтініш жаздым», – деп түсіндірді кәсіпкер.
Өтініш негізінде аудандық ТКШ бөлімі «Сағыз Су Арнасы» ЖШС-не хат жолдап, жауап алды. Онда қосымша қосылу нүктесін орнату су қысымының төмендеуіне әкелуі мүмкін екені айтылып, бұрын шығарылған диаметрі 65 мм құбырдан су алуды жүзеге асыру ұсынылған. Алайда бұл жауапқа қатысты өңірлік Кәсіпкерлер палатасының ұстанымы өзгеше.
«Біз талдау жүргіздік. Палата магистральдық құбырдың қолжетімді қуаты жүйеге қосылған тұтынушылар саны мен олардың су тұтыну көлеміне байланысты деп санайды, ал су жүйесіне қосылу орны судың қысымына әсер етпейді. Сонымен қатар, су құбырына қол жеткізу нүктесі жер телімінің шекарасында анықталуы тиіс. Берілген техникалық шарттарды зерделей келе, олар кәсіпкерге қосымша талаптар жүктейді деп есептейміз», – деді өз сөзінде Қазақстандағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша сектор меңгерушісі, өңірлік Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев.
Осыған байланысты Палата Қызылқоға ауданының прокуратурасына «Сағыз Су Арнасы» ЖШС берген техникалық шарттардың заңдылығын тексеру және кәсіпкердің жер телімінің шекарасында қосылу нүктесін айқындау мәселесін қарау туралы хат жолдады. «Кәсіпкер бізге өткен жылы жүгінді. Біз су құбырын теңгеріміне алған «Сағыз Су Арнасы» ЖШС-не хат жолдадық. Олар рұқсат берді, алайда кәсіпкер ұсынылған қосылу нүктесімен келіспеді. Біз серіктестікке қайта жүгініп, ең жақын нүктеден рұқсат беруін сұрадық, бірақ бас тарту жауабы келді. Өз тарапымыздан арна қазуға техникамен көмектесуді ұсындық, алайда кәсіпкер келіспеді», – деп түсіндірді Қызылқоға ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерсағын Құмаров. «Сағыз Су Арнасы» ЖШС директоры Самат Мұхитов су құбырының магистральдық нысан екенін атап өтті.
«2025 жылы біз бұл нысанды өз теңгерімізге алдық. Бұл – магистральдық құбыр, оның негізгі мақсаты – нысандарға су жеткізу. Мұндай құбырға тұтынушылар үшін қосымша врезка жасауға болмайды. Алайда ол бұрын, біз теңгерімге алмағанға дейін жасалған. Сол себепті, бар нүктеден кәсіпкерге рұқсат бердік және техникалық шарттар ұсындық. Бірақ кәсіпкер өз жеріне жақын қосылу нүктесін талап етіп отыр. Бізде бұзуға болмайтын нормалар мен ережелер бар. Егер ол берілген қосылу нүктесімен келіссе, біз көмектесуге дайынбыз», – деді ол. Қызылқоға ауданы прокуратурасының өкілі Әділ Сисенов қадағалау органы бұл жағдайды қарауға кіріскенін хабарлады. «Біз аудан әкіміне сұрау салдық, ТКШ бөлімінің жауабын алып, талдадық, кейін нысан «Сағыз Су Арнасы» теңгеріміне өткендіктен, материалдарды қайтадан әкімдікке жолдадық. Барлық құжаттар қайта қаралады, ал заңбұзушылықтар анықталған жағдайда прокурорлық ден қою шаралары қабылданады», – деді ол.
Отырыс қорытындысында Кәсіпкерлер палатасының өкілі бұл мәселедегі оң жайт – мемлекеттік органдар мен табиғи монополия субъектісінің бизнестің мүддесіне түсіністікпен қарап, ынтымақтастық танытуға дайын екендігін атап өтті. Прокуратурадан ресми жауап келіп, түпкілікті шешімді кәсіпкердің өзі қабылдағанша мәселе бақылауда болады.