Атырау облысында осы жылдың алғашқы үшемі дүние есігін ашты, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Облыстық перинаталдық орталықта жүктіліктің 35-ші аптасында өмірге келген үш сәбиге Қарақат, Қымбат және Сымбат есімдері берілді. Бір минут аралықпен туған олардың салмақтары 1,9–2,2 келі болды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
⁃ Бұл — біз үшін қуанышты жаңалық. Ана мен баланың жағдайы жақсы, осыған дейін бақылауда болды. Енді учаскелік дәрігерлердің қарауына тапсырылады. Өңірде соңғы үшемдер 2024 жылы туған еді, - деді Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алия Ғимранова.
Сәбилердің анасы — Мақат ауданының 29 жастағы тұрғыны. Үш балалы келіншек енді алтаудың анасы атанды. Айтуынша, жүктілігінің жақсы өтуіне дәрігерлердің үлесі көп.
⁃ Өзімнің де, жолдасым жақтан да егіздер болған. Үшем дегенді естігенде қатты таңғалдық. Дегенмен дәрігерлердің бақылауында болып, жүктілік кезеңі жақсы өтті. Босанғаннан кейін де мамандар көмегін аяған жоқ. Ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз. Сәби аңсаған барша әйелге үшем тілеймін, – деді анасы Аселхан Кеңесова.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен Мақат ауданының әкімдігі отбасыға құттықтау білдіріп, сый-сияпат табыстады.