Атырау облысында автожолдардың сапасын бақылау және пайдалану жағдайын анықтау мақсатында диагностика жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Тексеру барысында кепілдік мерзімі бітпеген нысандар мен күтіп ұстауға жататын жол учаскелері толық қамтылды, дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Атырау филиалының инеженері Мерей Телеуғалиев.
2024 жылы облыс бойынша кепілдік мерзімі бітпеген жол нысандарының ұзындығы 248 шақырымды құраған. Ал, күтіп ұстау жұмыстары жүргізілген нысандар көлемі 449,8 шақырым.
«Өткен жылы бұл көрсеткіштер айтарлықтай артты. Кепілдік мерзімі бітпеген нысандар 271 шақырымды құрайды. Сонымен қатар күтіп ұстау жұмыстары жүргізілетін жолдардың ұзындығы 616,2 шақырымға жетті. Диагностика барысында жол жабындысының жай-күйі, тегістігі, беріктігі және жол қауіпсіздігі элементтерінің сақталуы тексерілді. Анықталған ақаулар мердігер мекемелерге жолданып, кепілдік міндеттемелер аясында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі, дейі М.Телеуғалиев.
Мамандардың айтуынша, мұндай жүйелі бақылау жол сапасын арттыруға және көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, диагностика жұмыстары облыс жолдарының техникалық жағдайын нақты бағалауға және алдағы жөндеу жұмыстарының жоспарын айқындауға негіз болып отыр.