Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атыраулық жүргізушілер кімге қарыз?

 

 

Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Бисен Юсубалиев ӨКҚ алаңында өңірдегі көлік және мүлік салығын төлеу тәртібі, жаңа өзгерістер және бүгінгі берешек көлемі туралы баяндады, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

 

 

Жеке тұлғалар көлік салығын жыл сайын тұрғылықты жері бойынша 1 сәуірге дейін төлеуі тиіс. Ал мүлік салығы 1 қазанға дейін төленеді. Өткен жыл үшін есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі – 2026 жылдың 1 қазанына дейін.

 

 

– Салықты уақытында төлеу – әр адамның міндеті. Қазір көлік салығы бойынша 4 246 жеке тұлғаның 321 млн теңге берешегі бар. Оның 226 млн теңгесі – негізгі қарыз, 95 млн теңгесі – кешіктіргені үшін қосылған ақша. Ал мүлік салығы бойынша 10 415 адамның 50 млн теңге берешегі қалыптасып отыр, – деді Б.Юсубалиев.

 

 

Оның сөзінше, салық уақытында төленбеген жағдайда алдымен хабарлама жіберіледі. Егер берешек өтелмесе, салық бұйрығы шығарылып, іс жеке сот орындаушыларына жолданады. Кейін мәжбүрлі түрде өндіріп алу шаралары қолданылады.

 

 

Сондай-ақ Бисен Юсубалиев биылдан бастап күшіне енетін өзгерістер бойынша да сөз етті.

 

 

- Енді көлік ескі болған сайын салық азаяды. Егер жеңіл көлік 10 жылдан асқан болса, салық 30 пайызға төмендетіліп есептеледі. Ал 20 жылдан асқан көліктер үшін салық екі есе азаяды. Сонымен қатар шаруа қожалықтары бір пикап көлігі үшін енді салық төлемейді, - деді ол.

 

Бұдан бөлек, қымбат мүлкі бар азаматтарға қатысты жаңа тәртіп енгізілді. Егер бір адамның барлық үйі, ғимараты және басқа да мүлкінің жалпы құны 450 млн теңгеден асса, осы сомадан асқан бөлігіне 2 пайыз қосымша салық салынады. Яғни мүлік неғұрлым қымбат болса, төленетін салық та соғұрлым жоғары болады.

Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ