2026 жылғы көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқандарына дайындық шеңберінде Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуов қала аумағындағы әскери шақыру пункттерінде арнайы болып, ұйымдастыру жұмыстарының барысын зерделеді. Жұмыс сапарының мақсаты – алдағы науқанды сапалы әрі талапқа сай өткізуге бағытталған дайындық деңгейін бағалау, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Тексеру барысында әскерге шақыру науқанын өткізу тәртібі, жауапты құрылымдардың өзара іс-қимыл алгоритмі және дәрігерлік комиссиялардың алдын ала дайындығы жан-жақты қаралды. Азаматтарды тіркеу, деректерді нақтылау, медициналық тексеруден өткізу, қажетті құжаттарды рәсімдеу және шақырылушыларды сапалы іріктеу бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, комиссия мүшелерінің жұмыс кестесі, қызметтік міндеттерді бөлу тәртібі, медициналық құрал-жабдықтардың техникалық жай-күйі мен жеткіліктілігі пысықталды. Әсіресе, зертханалық және диагностикалық тексерулердің толық әрі уақытылы жүргізілуі, есеп жүргізу жүйесінің дұрыстығы және цифрлық мәліметтер базасының өзектілігі басты назарда болды.
Жиын барысында жауапты мамандарға шақырылушылармен түсіндіру жұмыстарын күшейту, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және үдерістің ашықтығын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Сондай-ақ, әскерге шақыру науқаны кезінде ата-аналармен және жастармен кері байланысты тиімді ұйымдастырудың маңыздылығы айтылды.
Аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – әскери қызметке шақырылатын жастардың денсаулық жағдайын жан-жақты бағалау, олардың құқықтарын сақтау және қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес ашық әрі әділ әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру. Бұл бағыттағы жүйелі дайындық шаралары алдағы көктемгі және күзгі шақыру кезеңдерін жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ