Атырау облысының орта мектептерінің бірінің екі түлегі оқуды үздік аяқтап, тиісті үлгідегі аттестаттар алған. Осыған қарамастан, Білім басқармасының комиссиясы педагогтер енгізген бағаларға түзетулерге сүйене отырып, оларға «Алтын белгі» беруден бас тартқан, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот іс материалдарын қарап, мынаны көрсетті:
- талап қоюшылардың 5-11 сыныптар аралығында барлық пәндер бойынша жылдық, тоқсандық және қорытынды бағалары «үздік» болған, сондай-ақ қорытынды аттестаттаудан сәтті өткен, бұл «Алтын белгі» алу талаптарына сәйкес келеді,
- бағаларды қою, өзгерту және түзету тек педагогтердің құзыреті мен жауапкершілігіне ғана қатысты, осыған байланысты оқушылар мұғалімдер тарапынан болуы мүмкін қателіктер немесе процестік бұзушылықтар үшін жауапты болмауы тиіс және теріс салдары болуы мүмкін емес.
- Білім басқармасымен әкімшілік сот ісін жүргізудің базалық қағидаттары, оның ішінде сенім құқығын қорғау, әділдік және мөлшерлестік қағидаттары бұзылған, өйткені теріс салдарлар түлектерге олардың кінәсінсіз және олардың тарапынан дәлелденген бұзушылықсыз жүктелді.
Мұндай жағдайларда сот педагогтар енгізген түзетулерге негізделген комиссия шешімін заң талаптарына қайшы деп таныды, мектеп бітірушілерге қатысты комиссия отырысының даулы хаттамасының күшін жойды және Білім басқармасына «Алтын белгі» беру туралы мәселені қайта қарауды міндеттеді. Атырау облыстық соты бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот актісі заңды күшіне енді және қазіргі уақытта орындалу сатысында.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: автор