Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атыраулық полицей қылмысты ашудың құпиясымен бөлісті (+ВИДЕО)

 

Жедел уәкіл – қылмыстың ізін суытпай ашып, қоғам тыныштығын күзетуде алдыңғы шепте жүретін тәртіп сақшысы. Солардың бірі – атыраулық полиция капитаны Тұрлыбек Назымбеков, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Олардың табандылығы мен кәсіби қырағылығы – заң үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіз өмір сүруінің кепілі. Олар бір күн ішінде ондаған шақыруға шығып, куәгерлермен тілдесіп, айғақтар жинап, күдіктілерді анықтаумен айналысады. 12 жылдан бері ішкі істер саласында адал қызмет етіп келе жатқан офицердің еңбегі – өңірдегі тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздіктің берік негізі. Әрбір істі терең зерттеп, қылмыстың алдын алуға күш салу – оның кәсіби ұстанымы.
• - Жедел уәкілдің басты міндеті – қылмыстың алдын алу және қылмыс жасаған адамды жазадан тыс қалдырмау. Бұл жолда әрбір шешімнің артында азаматтардың тағдыры тұрғанын естен шығармау қажет. Менің жұмыс бағытым – Криминалдық полиция басқармасының бөтеннің мүлкін ұрлауды ашу бөлімі. Мұнда біз пәтер ұрлығы мен автокөлікті айдап әкету фактілерін әшкерелеумен тікелей айналысамыз. Бұл қылмыстар тұрғындардың күнделікті өміріне елеулі әсер етіп, олардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Сол себепті әрбір істі мұқият қарап, дәлелдер жинап, қылмыскердің жазадан құтылмауына бар күшімізді саламыз. Жедел уәкіл үшін ең маңыздысы – уақытты тиімді пайдалану. Себебі ұрлық қылмыстарының ізін суытпай ашу – кейінгі қадамдардың сәтті болуының кепілі. Қоғам тыныштығы үшін күресу тек қырағылық қана емес, сонымен бірге табандылықты, кәсіби шеберлікті және азаматтарға деген адалдықты талап етеді. Қылмысқа қарсы күресте біз әрдайым алдыңғы шептеміз, – деді полиция капитаны Тұрлыбек Назымбеков.

«Елге қызмет – абыройлы міндет» деген қағиданы ұстанған Тұрлыбек Назымбеков үшін ең үлкен марапат – халықтың сенімі мен елдің тыныштығы.

Амандық АБДОЛ