Атырау облысында ҚР ҰҚК Шекара қызметіне шақырылған жастарды салтанатты түрде әскерге шығарып салу рәсімі өтті. Биыл өңірден 15 жас өздерінің әскери борышын өтеуге аттанды. Іс-шараға жас сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Сарбаздардың бірі Базарбай Мұқашевтің әкесі әскери қызметтің әрбір ер азамат үшін маңызды кезең екенін атап өтті.
— Үлкен ұлдарым әскерде болып келген. Ұлым да соларға қарап, есейіп, шешім қабылдады. Еліне қызмет етіп, нағыз ер азамат болсын. Мұндай шығарып салу рәсімдері жастарға үлкен мотивация береді, – дейді ол.
Шекара қызметі департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда Атырау облысында шамамен 100 әскери қызметші борышын өтеп жатыр. Жастар Құрманғазы, Исатай аудандары мен Аққыстау ауылына бөлінген.
Атырау облысы бойынша Шекара қызметінің тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы Ерсін Сержанов атап өтті:
— Біздің сарбаздар бір жылдық мерзіммен қызмет етеді. Көктемгі шақырылымнан бірнеше жігіт құжаттарын тапсырып, келісімшарт негізінде жұмысқа орналасты. Қазір олар қызметін жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, көктемгі шақырылымнан үш сарбаз келісімшартқа отырып, ҚР ҰҚК Шекара қызметінде Атырау облысы бойынша қызмет етуді жалғастыруда.
Аман ШАМАР
Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ