Атырауда блогерді қала сыртына апарып, зиратта ұрып-соққан, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Стамбулға жоспарланған, бірақ жүзеге аспаған турға қатысты туындаған дау атыраулық блогер үшін нағыз қорқынышты жағдайға айналды. Қызды алдап, ұрып-соғып, зират ортасында қалдырып кеткен. Қазір бұл оқиға бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Atyrau Today тілшісі.
Instagram желісінде 13 мыңға жуық жазылушысы бар блогер Құралай Болатова оқиғаның неден басталғанын айтып берді. Оның сөзінше, ол Стамбулға арналған тур жарнамасын жариялауға келісіп, ұйымдастырушы Айдана Ақмұрзиеваға алдын ала төлем ретінде 100 мың теңге аударған. Кейін Құралайдың ұсынысымен басқа жазылушылар да қаражат жіберген.
Алайда тур мүлде өтпей қалған. Құралай ақшасын қайтаруды сұрағанда, оған қорқыту мен қысым көрсетіле бастаған.
3 қазан күні кешке Айдана Ақмұрзиева мен оның құрбысы Ақбота Нұғманова блогерді «сөйлесейік» деген сылтаумен кездесуге шақырып, қала сыртына — зиратқа апарған. Қыздың айтуынша, олар сол жерде оны ұрып, қорлаған.
«Мені алдап, ұрып, қорлады. Мен үнсіз қала алмаймын — кінәлілер жазасын алуы керек. Заң бәріне бірдей болуы тиіс», — деп жазды Құралай Болатова Instagram парақшасында.
Жарияланған жазба әлеуметтік желілерде тез тарап, көпшіліктің ашу-ызасын туғызды. Кейбір қолданушылар мұндай онлайн-тур алаяқтығының өздеріне де таныс екенін айтты.
Жәбірленушінің айтуынша, жанжал кезінде шабуыл жасағандардың бірі: «Дәлелдеудің қажеті жоқ, менің туыстарымның арасында прокуратура қызметкері бар», — деген.
Бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Полиция мәліметінше, аталған оқиға бойынша орташа ауырлықтағы денсаулыққа қасақана зиян келтіру бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Жәбірленушіге сот-медициналық сараптама тағайындалған.
Atyrau Today редакциясы істің барысын нақтылау және жәбірленуші келтірген мәліметтерді тексеру мақсатында Атырау облыстық полиция департаменті мен прокуратурасына ресми сауал жолдады.
Сәуле МАҒАУ