Атыраулықтарды алаңдатқан ақпарат жалған боп шықты
- Details
- 08.10.2025
Атырауда қоғамдық ұйым өкілдері мен коммуналдық қызмет мамандары кәріз-тазарту құрылыстарында айтарлықтай ластану фактісін анықтады, деп хабарлайды «Atyrau Today» тілшісі.
Тексеру нәтижесінде зиянды заттардың шекті рұқсат етілген мөлшері, соның ішінде күкіртсутек пен көміртек тотығының деңгейі шамамен 100 есеге артқаны белгілі болды.
Аталған тексеру «Бірлік. Құқық. Ар-намыс» қоғамдық бірлестігі мен коммуналдық кәсіпорындардың мамандарының қатысуымен жүргізілді.
Тексеру барысында судың бетінде майлы қабықтың пайда болғаны анықталды. Бұл — жүйеге мұнай өнімдерінің түсу ықтималдығын көрсетеді.
«Жағдай алаңдаушылық тудырады, себебі ластану деңгейі рұқсат етілген нормадан айтарлықтай жоғары. Біз барлық деректерді тіркеп, тиісті органдарға жолдап жатырмыз», — деді бірлестік өкілдері.
«Су Арнасы» КМК мамандары су сынамаларын алып, зертханалық талдау жүргізді. Сараптама нәтижелері судан мұнай өнімдерінің табылғанын және ағынды сулардың ластанғанын растады.
Ластану көзін және оның ауқымын анықтау мақсатында мемлекеттік органдар, коммуналдық кәсіпорындар мен қоғам өкілдері қатысқан арнайы жұмыс тобы құрылды.
Сонымен қатар, экология департаментіне тексеру жүргізіп, ластану көзін анықтап, экологиялық заңнама аясында шара қолдану туралы ресми өтініш жолданды.
«Біз экология департаментінің мамандары объективті баға беріп, болған жағдайдың себептерін анықтайды деп үміттенеміз. Бұл — болашақта осындай оқиғалардың алдын алу үшін маңызды», — деп атап өтті қоғамдық ұйым өкілдері.
Лия Нұртай