Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Қызылқоға әкімдігінде ауыс-түйіс орын алды

Қызылқоғада қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы ауысты, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге жаңа басшы тағайындалды. Аудандық әкімдіктен білгеніміздей, Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрінің бірінші орынбасары-ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының бұйрығына сәйкес 2025 жылғы 26 қыркүйектен бастап Қызылқоға ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы болып майор Ғаниев Нұрбол Сәрсенбайұлы тағайындалды.

Нұрбол Сәрсенбайұлы 1990 жылы 11 желтоқсанда Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы селосында дүниеге келген. 1997-2008 жылдар аралығында Миялы селосындағы Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектебінде орта білім алған. 2008-2013 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтын бітірген. 2013-2023 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында әскери қызмет атқарған. 2024 жылғы қаңтар – 2025 жылғы қыркүйек айынан бастап Қызылқоға ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі жұмылдыру бөлімшесінің бастығы лауазымында қызмет атқарған.

Ал, аудан әкімінің орынбасары Гүлшара Ізімова аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы Анарбек Муталяповтың басқа қызметке ауысуына байланысты арнайы бөлім ұжымымен кездесті. Іс-шара барысында ол Анарбек Кәдірұлын ұзақ жылдар бойы аудан әкімдігімен тығыз байланыста, жауапкершілік пен кәсібилікті жоғары дәрежеде көрсетіп, абыроймен еңбек еткені үшін алғыс айтып, аудан әкімінің Алғыс хатын және естелік сыйлығын салтанатты түрде табыстады. 

Гүлшара Ізімова өз сөзінде: «Анарбек Кәдірұлы аудандағы қорғаныс саласының тиімді жұмыс істеуіне зор үлес қосты. Әскер қатарына шақыру науқандарын сапалы ұйымдастырып, азаматтық-патриоттық тәрбие ісінде айрықша еңбек етті. Жаңа қызметінде де табыс тілейміз» деп атап өтті.

Кездесуге аудандық қорғаныс істері бөлімінің мамандары, сондай-ақ аудандық мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты. Олар да Анарбек Муталяповтың ауданның қорғаныс саласын дамытудағы еңбегін атап өтіп, бірлесе атқарған жемісті жұмысы үшін ризашылықтарын білдірді.

Ауданда жеті жылға жуық уақыт қызмет атқарған Анарбек Муталяпов ұжымына алғысын білдіріп, бірлесе атқарған жұмыстың жемісті болғанын айтты.

«Бұл жылдар мен үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Ұжымның қолдауы мен аудан басшылығының сенімі — менің кәсіби дамуыма серпін берді. Баршаңызға ризамын» деді ол өз сөзінде.

Шара соңында әріптестері Анарбек Кәдірұлына жаңа қызметінде биік жетістіктерге жетуіне тілектестігін жеткізді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ