– Махамбет ауданына қарасты Бейбарыс ауылдық округінде кеміргіштердің (тышқандардың) көбейгені анықталуына байланысты эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына жол бермеу және балалардың денсаулығын қорғау мақсатында бірқатар алдын алу шаралары қабылдануда, - делінген хабарламада. – Эпидемиялық қауіптің алдын алу үшін Бейбарыс ауылдық округіндегі екі мектеп 19 қарашадан бастап уақытша қашықтан оқу форматына ауыстырылды. Яғни, дезинфекция жұмыстарын толық әрі сапалы жүргізу үшін А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің 573 оқушысы және Талдыкөл орта мектебінің 261 оқушысы онлайн режимге ауыстырылды.
Сонымен қатар, жалпы саны 300-ге жуық бүлдіршіні бар «Балдырған» және «Балақай» балабақшаларының қызметі уақытша тоқтатылды. Қазір арнайы мамандандырылған қызметкерлер дезинсекциялау және санитариялық бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қауіп толық жойылғаннан кейін білім беру ұйымдары қалыпты жұмыс режиміне қайта ауыстырылады. Бұл шамамен бір апта уақытқа созылады. Облыстық білім беру басқармасы жағдайды толық бақылауда ұстап отыр және тұрғындарды ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ