Атырауда 1500-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Көлік апатынан 78 адам көз жұмып, 2199 адам түрлі дене жарақатын алған. Апаттың көбі көліктегі жылдамдықты асыру, маневр жасау ережелерін сақтамау салдарынан болған. Осы орайда, жол-көлік оқиғасының құрбандарын еске алу мақсатында республикалық ауқымдағы «Жол қозғалысы қауіпсіздігі» апталығы өткізілуде. Бұл іс-шараның мақсаты — жол көлік оқиғаларының алдын алу және олардың зардаптарын қоғам назарына жеткізу, сондай-ақ жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіздік мәдениетін арттыру.

Апталық аясында жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігін еске салу үшін патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қала көшелерінде апатқа ұшыраған көлік құралдарын көрнекі түрде орналастырып, қала аумағынан жүріп өтті. Бұл акция жол қозғалысына қатысушыларды көлік апаттарының ауыр зардаптары туралы ойлануға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға бағытталған.

Іс-шара барысында жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің назарын аудару үшін арнайы түсініктемелер мен кеңестер беріліп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әртүрлі профилактикалық шаралар жүзеге асырылуда.
Амандық АБДОЛ