Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атыраудағы ағынды судағы мұнай мөлшері – өте төмен

3 қазан күні «Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалының мамандары Атырау қаласының сол жақ жағалауындағы кәріздік-тазарту құрылыстарында (КОС) ағынды сулардан сынама алды. Бұл тексеріс әлеуметтік желілерде ағынды сулардың мұнай өнімдерімен қатты ластанғаны туралы бейнематериал тарағаннан кейін басталған болатын, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Зертханалық талдау нәтижелері бойынша алынған сынамалардағы мұнай өнімдерінің мөлшері 0,005 мг/дм³-тен төмен екені анықталды. Бұл көрсеткіш белгіленген санитарлық нормадан әлдеқайда төмен. Демек, судың құрамында мұнай өнімдері өте аз және ол экологиялық қауіп төндірмейді.

— Талдау нәтижелері көрсеткендей, бұл учаскедегі ағынды сулар мұнай өнімдері бойынша экологиялық қауіп тудырмайды, — деді Атырау облысы бойынша экология департаментінің жетекші маманы Ардақ Уралова.

Қазіргі уақытта мамандар тазарту нысандарының жағдайына қосымша зерттеу және мониторинг жүргізіп жатыр. Зерттеу жұмыстары Атырау қалалық мәслихатының депутаты А. Батаевтың қатысуымен өткізілді.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде қоғам белсендісі Жанат Кенжегұлов түсірген бейнежазба тараған болатын. Онда сол жағалаудағы тазарту құрылыстарындағы ағынды сулардың мұнай өнімдерімен ластанғаны және зиянды заттардың мөлшері нормадан ондаған есе жоғары екені айтылған.

— Біздің ұйым КМК «Су Арнасы» мекемесімен бірлесіп жүргізген зертханалық талдаулардың алдын ала нәтижелері бойынша бұл нысанда мұнай өнімдерінің бары анықталды, — деді Жанат Кенжегұлов, «Бірлік. Құқық. Ар» қоғамдық бірлестігінің мүшесі.

Салыстыру үшін айтсақ, 0,005 мг/дм³ — бұл судың әр литрінде небәрі бес мыңнан бір миллиграмм зат бар деген сөз. Мұндай көрсеткіш судың құрамында мұнай өнімдерінің тек іздік (өте аз) мөлшерде ғана бар екенін және оның қоршаған орта мен халықтың денсаулығына зиян келтірмейтінін білдіреді.

Экологтардың айтуынша, алдағы уақытта жүргізілетін қосымша тексерулер тазарту құрылыстарының нақты жағдайын анықтап, жергілікті деңгейдегі ықтимал ластану деректерін жоққа шығаруға мүмкіндік береді.

Лия Нұртай

Сурет: автор