Атырау қалалық прокуратурасы блогер Құралай Болатова таратқан, күдіктілердің бірі прокуратура қызметкерімен туыстық байланысы бар деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Ресми мәлімдемеде бұл деректердің шындыққа жанаспайтыны атап өтілді: «Қылмыстық іске қатысы бар ешбір адам прокуратура қызметкерлерімен туыстық қатынаста емес».
Қадағалаушы орган азаматтарды тергеу астында жүрген адамның шындыққа сәйкес келмейтін мәлімдемелеріне сенбеуге шақырды.
Қазір іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Полицияның хабарлауынша, күдіктілердің бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал екіншісін қала аумағынан таба алмай, іздеу жарияланған.
Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам ұрлау» және «Денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру» баптары бойынша тергелуде.
Еске сала кетейік, бұған дейін блогер Құралай Болатова таныстарының оны алдап, қаладағы зиратқа апарып соққыға жыққанын айтқан болатын. Оның айтуынша, жанжалдың себебі — 100 мың теңге болған.
Әлия ЖАМИТОВА