Мемлекет басшысының көлік-логистика саласын одан әрі дамыту мақсатында шекаралық өткізу пункттерін жаңғырту жөнінде берген тапсырмасы аясында Құрманғазы ауданы Бөкейхан ауылында орналасқан, Қазақстан-Ресей Федерациясы мемлекеттік шекарасындағы «Құрманғазы» халықаралық автокөлік өткізу пункті қайта жаңғыртылмақ, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Қазіргі таңда көлік ағынының артуына байланысты және көлік логистика саласын одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан-Ресей Федерациясы арасындағы автокөлік өткізу пунктін қайта жаңғырту жобасы әзірленді. Аталған жобаға сәйкес, шекара өткізу бекеті 2026–2027 жылдары қайта жаңғыртудан өткізілетін болады. Қайта жаңғырту жұмыстарының жобасы аясында шекара бекетінің ғимараты жөндеуден өтіп, көлік қозғалысы жолағының саны артып, қосымша автотұрақтар қарастырылатын болады. Бұл тәулігіне көлік пен жолаушыларды өткізу мүмкіндігін айтарлықтай арттыратын болады.
Сонымен қатар цифрлық технологиялар енгізіліп, жүк ағынын тиімді басқаруға және көлік қозғалысын жандандыруға мүмкіндік жасалады. Жоба шекаралық өткізу инфрақұрылымын қазіргі заманғы талаптарға сай жетілдіруге бағытталған.
Айта кетейік, шекара нысандары халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда және көлік-логистикасын дамытумен жолаушылар ағынын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ