Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атырауда "заңсыз" деп танылған 56 жер учаскесі заңдастырылды

Атырау облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаментінің араласуынан кейін 56 жер учаскесі заңдастырылды, деп хабарлайды Atyrau TODAY тілшісі.

Бұған дейін жер қатынастары бөлімі инфрақұрылымның жоқтығын себеп етіп, жер телімдерін бөлу жобасын бекітуден бас тартқан болатын. Алайда жүргізілген тексеріс барысында бұл талаптың қолданыстағы заңнамада көзделмегені анықталды.

Атырау облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді.

Ведомствоның хабарлауынша, Атырау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі бір жер учаскесін 69 бөлікке бөлу жобасын бекітуден бас тартқан. Себеп ретінде электр желісінің жоқтығы көрсетілген. Дегенмен департамент мамандары мұндай талаптың қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерде көзделмегенін анықтады.

Өтініш қаралғаннан кейін және департаменттің араласуынан соң 56 жер учаскесінің жобалары заңдастырылды.

Атырау облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті басшысының орынбасары Айнаур Енсегенова тексеріс барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталғанын және тиісті ұсынымдар берілгенін атап өтті.

— Азаматтардың бұзылған құқықтары толық қалпына келтірілді. Біздің басты мақсатымыз — азаматтардың заңды мүдделерін қорғау және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасын табады, — деді Енсегенова.

Департамент өкілдері мұндай тексерістер азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға және мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заң бұзушылықтарды дер кезінде жоюға мүмкіндік беретінін айтты.

Лия Нұртай