Atyrau Today тілшісінің хабарлауынша, Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайында заманауи әрі қолайлы автотұрақ аймағы салынбақ.
Жоба қала тұрғындарының қызығушылығын тудырды — әлеуметтік желілерде автотұрақтың ақылы болуы және тегін уақыттың сақталуы туралы түрлі пікірлер айтылуда. Алайда алаңдауға негіз жоқ.
Әуежай маңында үш түрлі автотұрақ салу жоспарланған:
* қысқа мерзімді — жолаушыларды қарсы алу және шығарып салу үшін;
* ұзақ мерзімді — көліктерді бірнеше сағатқа немесе күнге қалдыруға арналған;
* мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы орындар.
Жолаушыларды түсіру және отырғызу аймағында 15 минут тегін болу уақыты қарастырылған. Бұл уақыт адамды асықпай қарсы алу немесе шығарып салуға жеткілікті.
Төлем тек ұзақ мерзімді тұраққа ғана алынады, мұнда сағаттық тарифтер қолданылады — бұл елдегі ірі әуежайлардың көбінде бар тәжірибе.
Жоба тек тұрақ орындарын ұйымдастыруды ғана емес, сонымен қатар әуежай маңын абаттандыруды да қамтиды. Мұнда:
* балалар алаңы,
* құрғақ субұрқақ,
* демалыс аймақтары,
* аллеялар мен сервистік нүктелер пайда болады.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жобаның басты мақсаты — жолаушыларға, қарсы алушыларға және қала тұрғындарына ыңғайлы заманауи кеңістік құру.
Қазіргі уақытта әуежай аумағында реконструкция жұмыстары жүргізілуде. Жолдың бір бөлігі мен кіреберіс аймағы ішінара жабылған, қоршаулар орнатылып, жаңа жабын төсеуге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Көліктердің қозғалысы уақытша айналма жол арқылы ұйымдастырылған.
Сәуле МАҒАУ