Құрманғазы ауданының аумағында, «Жарқаса» каналы маңында Құрманғазы ауылынан 67 км қашықтықта орналасқан жалпы 30 гектар аумақта қамысты өсімдіктің жануы орын алған болатын, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
"8 қазан сағат 20.00-дегі жағдай бойынша 14 га өрт аумағы өшірілді, 11 га өздігінен жойылды, қазіргі уақытта жалпы алаңы 5 га екі ошақта өшіру жұмыстары жүріп жатыр. Ашық жану жоқ. Жерді арнайы трактор техникаларымен жырту бойынша жұмыстар жүргізілуде (08.10. сағат 06-00-ден 20-00-ге дейін ұзындығы 30 км, ені 3 метр жыртылған), сондай-ақ жыртылған жерлерді ылғалдандыру жүргізілді. Өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда" делінген аудандық әкімдік берген ақпаратта.
Аталған өрт аумағында өрт сөндіру жұмыстарының жетекшісі облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбділда Баякеев және жедел штаб қызмет атқаруда, жағдай бақылауда.
Қазіргі таңда өрт ошағына жұмылдырылған күштер: ТЖД (31 жеке құрам, 3 техника), ЖАО (7 адам, 5 техника), «Құрманғазы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» КММ (3 адам, 1 техника).
Амандық АБДОЛ