Шараға Миялы, Ойыл, Көздіғара, Тасшағыл, Жамбыл және Мұқыр ауылдық округтерінен келген үш буыннан құралған отбасылар қатысып, халық алдында өнегелі өмір жолын, ұлттық салт-дәстүрге деген құрметін паш етті. Аудандық әкімдіктен білгеніміздей, айшықты шара барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Ақтаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағидолла Яқып сөз алып, мерейлі шараның маңызын атап өтіп, ортаға шыққан отбасыларға шынайы алғыстарын білдірді. Олар ұрпақтар арасындағы алтын арқаудың үзілмеуі – елдің ең үлкен байлығы екенін айтып, отбасыларға ізгі тілектерін арнады.
Байқау барысында әуелі отбасылар «Менің отбасым – мақтанышым» атты таныстыру кезеңінде әулет тарихын, өнегелі өмір жолдарын таныстырып, бір-бірімен бөлісті. Бұдан соң «Ұрпақ сабақтастығы» бөліміне ұласқан сұрақ-жауап сайысында ата-бабамыздан жеткен салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарға байланысты сауалдарға жауап беріп, ұлттық құндылықтарды қаншалықты дәріптеп жүргендерін көрсетті. Ал қызығы мен тартысы мол үшінші бөлімде немерелер асық атып көз мергендігін сынға салса, әкелер білек күшін байқатып, қол күресінен өзара мықтыны анықтады.
Тағылымды шара барысында сөз алған аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Бақыт Нығметова да көпшілікке жүрекжарды лебізін арнап, жанұясы жарасқан, ойымен дараланған отбасыларға ризашылығын жеткізді. Ол келешекте де мұндай игі бастамаларға әр отбасының белсене атсалысуы қажет екенін атап өтіп, жастарды үлгі болуға шақырды.
Атаулы шараның қорытындысында қатысушы барлық отбасылар жекелей марапатталып, ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Шара соңы мерекелік концертпен түйінделіп, көпшілік көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ