Атырау облысында прокуратура ірі инвестордың құқығын қорғап, 238 млн теңгенің негізсіз доначисленуіне жол бермеді. Бұл «Тексол Транс» компаниясына қатысты Мемлекеттік кірістер департаменті жүргізген заңсыз камералдық бақылауға прокуратураның араласуынан кейін мүмкін болды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
TEXOL компаниясының басшысы Шота Абхазава инвесторлар ұзақ уақыттан бері алғаш рет прокуратура тарапынан нақты қолдауды сезінгенін атап өтті.
— Біз осы жолы прокуратураның өз бастамасымен біздің мүддемізді қорғауға шыққанын көрдік. Бізде екі жағдай болды: бірінде тексеру тоқтатылып, кеден желісі бойынша шығарылған талаптар — жойылды. Кеден біздің декларацияларымызды қабылдап, ескерту жасады, біз барлық қажетті төлемдерді төлеп қойдық. Бірақ кейін сол мәселе бойынша бізге қайтадан 238 миллион теңге доначиследі — бұл шынымен де өрескел жағдай болды, — деді ол.
Абхазаваның айтуынша, мұндай әрекеттер кейде бюджет түсімдерін арттыру ниетімен түсіндірілгенімен, шын мәнінде өңірдің инвестициялық ахуалына елеулі зиян келтіреді.
— Мемлекет бюджетті толықтыруды қалайды, бірақ мұндай қадамдар инвесторлардың көңіл күйіне соққы береді. Оның салдары мультипликативті әрі теріс болуы мүмкін. Прокуратура бұрынғыдай үрей тудыратын орган емес, керісінше ашық әрі қолайлы мекемеге айналды. Біз бұл форумға үлкен ризашылықпен келдік, — деп атап өтті TEXOL басшысы.
Прокуратура да салық органының іс-әрекеттерінің заңсыз болғанын растады.
— Мемлекеттік кірістер департаменті «Тексол Транс» ЖШС-не қатысты камералдық бақылау жүргізген. Алайда прокурорлық қадағалау актісімен бұл әрекеттер заңсыз деп танылды. Сәйкесінше, компанияның құқықтары қорғалды, — деді Атырау облысы прокуратурасы аппарат басшысы Әділет Нұрбаев.
Прокуратураның араласуы нәтижесінде кәсіпорын негізсіз қаржылық шығындарға ұшыраудан аман қалды, ал өңір инвестициялық климаттың нашарлау қаупінен сақталды.
Сәуле МАҒАУ
Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ