Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №15 мекемесі аумағында модульдік ғимараттар кешенін салу жұмыстары жүргізілуде, деп хабрлайды Atyrau Today тілшісі.
Қазіргі уақытта жалпы көлемі 880 шаршы метрді құрайтын екі өндірістік цехтың (ангар) құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыстың толық біту мерзімі – ағымдағы жылдың 25 қыркүйегі.
Өндірістік цехтар электр жарығымен, жылумен, бейнебақылаумен, өртке қарсы және алдын алу дабыл жүйесімен, сондай-ақ желдеткішпен қамтамасыз етілген. Әр бөлмеде металл шкафтар мен стеллаждар орнатылады.
Өндірістік ангарларға жеке кәсіпкерлерді тарту мақсатында Атырау облыстық прокуратурасы, Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаменті мен мекеме әкімшілігі, Атырау облысы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, РМК «Еңбек-Батыс» филиалы және өңірдегі ірі кәсіпкерлік субъектілері қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді.
Кездесу барысында кәсіпкерлерге мекеме аумағында кәсіп ашудың басты артықшылықтары (ғимаратты жалға алу құнының төмендігі, жұмыс күші тапшылығының болмауы және т.б.) таныстырылды.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде «Едіге Декор» ЖШС және «Төлеуов» ЖК тарапынан қызығушылық танытылып, құрылыс жұмыстары аяқталған соң кәсіпорын ашуға келісім берілді.
Амандық АБДОЛ