Индербор кенті, Д.Қонаев көшесінде орналасқан әкімшілік ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта демонтаждау кезеңі толық аяқталып, төбе жабындары орнатылды, терезелер мен есіктер жаңартылды. Ғимарат аумағында төсем тастарын және сыртын қаптау жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Ішкі әрлеу жұмыстары толығымен аяқталған.
Жобаның мердігері – «Тенгиз Транс Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған жоба ауданның инфрақұрылымын жаңғырту, қызмет көрсету сапасын арттыру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылуда.
Айта кетсек, жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін бұл ғимаратта бірқатар мемлекеттік мекемелермен қатар балалар кітапханасы, жартылай стационар – күндіз болу бөлімшесі және аудандық мұрағат мекемелері орналастырылатын болады.