Қараша айынан бастап Қазақстанда құтқарушылар мен өрт сөндірушілер алғашқы тұрғын үй төлемдерін ала бастады. Бұл шешім ТЖМ ұсынысымен және Мемлекет басшысының мақұлдауымен қабылданды. Инициатива ведомствоның 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Өз баспанасы жоқ азаматтық қорғау қызметкерлеріне мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде: отбасының әрбір мүшесіне айына 65 898 теңгеден төленеді. Бұл қаражат жалдамалы пәтер ақысын төлеуге немесе болашақ баспанаға жинауға мүмкіндік береді.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл жаңалықты бүкіл ел бойынша құтқарушылар қуанышпен қабылдады. Басқа өңірге ауысқан жағдайда да қызметкерлерге пәтер ақысы төленеді, кей санаттарға көтерме де қарастырылған.
№13 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Біржан Бақтығалиев бұл төлемдердің үш балалы отбасы үшін үлкен көмек екенін айтып, басшылыққа алғыс білдірді. Әріптестеріне де жақын уақытта баспаналы болуды тіледі.
Министрлік алдағы уақытта бұл бағдарламаны тұрақты негізге енгізіп, азаматтық қорғау саласының барлық қызметкерлерін қамтуды жоспарлап отыр.