Қызылқоға ауданындағы Қарабау және Жамансор ауылдарында жаңа әлеуметтік нысандар салынып жатыр, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Қарабау ауылында 300 орындық екі қабатты мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. Ғимаратта көрермендерге арналған кең акт залы, 40 адамға арналған хореграфия залы және шығармашылық үйірмелер мен әртістерге арналған грим бөлмелері және 10 орынды оқу залы мен кітап сақтау қоймасы жасақталады. Нысанның жалпы ауданы 1837 шаршы метрді құрайды. Құрылысты «Нұркапстройгаз» компаниясы жүзеге асыруда. Жоба 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады деп жоспарлануда.
Ал, Жамансор ауылында 80 орындық мектеп пен 30 орындық интернаттың құрылысы жүргізілуде. Құрылысты мердігер «Жиенбай» компаниясы жүргізіп жатыр. Нысанның техникалық қадағалауын «Аспан Инжиниринг», ал авторлық қадағалауын «Али Company» жүзеге асыруда.
Ауданға сапар барысында басқарма басшысы құрылыс қарқынын бағалап, жұмыстың сапасына ерекше назар аударды. Сондай-ақ, нысандардың жоспарға сай уақытылы пайдалануға берілуі бойынша тиісті тапсырмалар берілді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ