Жылыой ауданында алғаш рет орталық аудандық ауруханада сол жақ жамбас буынына тотальды эндопротез қою отасы сәтті жүргізілді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Жасы 74-тегі пациент Жылыой орталық аудандық ауруханасының травматология және ортопедия бөліміне «сол жақ жамбас сүйегінің мойнының жабық патологиялық сынуы, сүйек сынықтарының ығысуымен» диагнозымен түсті. Науқас көшеде жаяу жүріп келе жатқанда құлап, ауыр жарақат алған.
Пациенттің жағдайына толық клиникалық және инструменталдық талдау жүргізген травматолог-дәрігерлер консилиумы бірден ота жасаудың қажеттігін анықтады. Егде жастағы адамда мұндай күрделі сынықтың өздігінен бітуі мүмкін еместігі, ұзақ иммобилизацияның қауіптілігі ескеріліп, тотальды эндопротез қою — ең тиімді әрі қауіпсіз шешім деп танылды.
Ең маңыздысы — осындай көлемдегі және күрделіліктегі операция Жылыой ауданында алғаш рет жасалды.
Бұған дейін мұндай жоғары технологиялық оталар тек облыстық деңгейде ғана орындалатын. Ал бұл жолы аудандық аурухана дәрігерлері өз күштерімен, заманауи әдістерді қолдана отырып, күрделі эндопротездеуді сәтті іске асырды.
Бұл — Жылыой ауданының медицинасы үшін тарихи кезең. Бұл — аудандық деңгейдегі хирургияның жаңа сатыға көтерілгенінің айқын дәлелі. Бұл — өңір мамандарының кәсіби өсуі мен медициналық мүмкіндіктердің кеңейгенінің нақты көрсеткіші.
Операция ЖЦРБ травматологтары мен анестезиологиялық бригадасының жоғары дайындықтағы жұмысы арқасында өте дәл, қауіпсіз және бірізділікпен жүргізілді. Отадан кейінгі кезең де медициналық протоколдарға сәйкес ұйымдастырылып, пациенттің жағдайы қазір тұрақты. Ол травматология және ортопедия бөлімінде тиісті емін жалғастыруда.
Әлия ЖАМИТОВА