Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №75 мекемеде күзетпен ұсталып отырған азаматша Т. мен оның Атырау облысы Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тәрбиеленіп жатқан төрт кәмелет жасына толмаған балаларының арасындағы әлеуметтік және отбасылық байланысты нығайту мақсатында кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Аталған іс-шара ата-ананың бала тәрбиесіндегі орны мен отбасының қоғамдағы маңызын арттыруға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі болып табылады. Кездесу барысында азаматша Т. өз балаларының жағдайымен танысып, олармен еркін әңгімелесіп, аналық мейірімін білдіруге мүмкіндік алды. Бұл – ана мен бала арасындағы табиғи байланысты сақтауға және олардың эмоционалдық тұрақтылығын қолдауға бағытталған маңызды қадам.
Ана мен баланың мызғымас байланысы – адам өміріндегі ең терең, ең шынайы, әрі риясыз сезімдердің бірі екендігі белгілі. Кездесу кезіндегі балалардың қуанышы мен ананың тебіреніске толы әсерлері осының айқын дәлелі болды.
Іс-шараны ұйымдастыру барысында №75 мекеме әкімшілігі мен Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы тарапынан барлық қажетті жағдай жасалды. Күдікті азаматша көрсетілген қолдау үшін екі мекеме басшылығына өз ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді.
Әлия ЖАМИТОВА