Әлеуметтік желілерде Атырау қаласы «Береке» шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде белгісіз ер адамның пәтер есіктеріне «белгі қойып жүргені» туралы бейнежазба тарауда, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Осыған байланысты келіп түскен сұрақтар бойынша облыстық ПД ресми ақпарат берді.
"2025 жылғы 1 қарашада Атырау облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасы аталған бейнежазбаға қатысты тексеру жүргізді. Бейнематериалда көрсетілген азамат – «Береке» шағын ауданының 1969 жылы туған тұрғыны. Онымен және оның туыстарымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Белгілі болғандай, 2022 жылы ол микроинсульт алған, қазіргі уақытта сөйлеу және бағдарлау қабілетінде қиындықтар бар. Туыстарының айтуынша, азамат серуен кезінде кейде өз үйінің кіреберісін немесе қабатын шатастырып алады. Бейнежазбадағы жағдай да осындай сипатта болған. Аталған азаматтың қандай да бір құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны, соның ішінде «белгі қойғаны» немесе ұрлық жасауға әрекеттенгені анықталған жоқ. Полиция қызметкерлері азаматтарды сабыр сақтауға және расталмаған ақпарат таратпауға шақырады. Күмән тудыратын жағдайлар байқалған кезде дереу «102» нөміріне немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабарласуды сұраймыз" делінген хабарламада.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ