Атырау тұрғыны қаладағы бір сауда орталығынан былғары етік сатып алған. Алайда бес күннен кейін етіктің табаны жарылып, пішіні өзгеріп кеткен, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Сатып алушы тауарды ауыстыруды немесе ақшаны қайтаруды сұрап дүкенге барған, бірақ сатушы «етікті дұрыс пайдаланбағансыз» деп бас тартқан.
Келіспеген әйел Атырау облысының Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Департамент мамандары тұтынушылар құқығын қорғау туралы заң нормаларын түсіндірген.
«Егер тауар қысқа мерзім ішінде сапасын жоғалтса және бұл сатып алушының әрекеттерімен байланысты болмаса, сатушы ақшаны қайтаруға немесе тауарды ауыстыруға міндетті», — деп атап өтті ведомство өкілдері.
Нәтижесінде дүкен қателігін мойындап, сатып алушыға етіктің толық құнын — 132 000 теңгені қайтарған.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ