Атыраудағы "Келешек мектебінің" оқушысы республикалық байқауда І орын алды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Алматы қаласында «Бояулар құпиясы» жас суретшілердің республикалық байқауы өтті. Облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Ләззат Еділханның айтуынша, оған еліміздің 20 өңірінен 130-ға тарта оқушы қатысты. Әр аймақтан келген жас суретшілер өздері салған өнер туындыларын көрмеге ұсынды. Олар үш номинация бойынша бақ сынасты.
Конкурста Атырау қаласындағы №50 мектептің оқушысы Альбина Тұраштың салған суреті көркемдігімен көзге түсіп, көпшіліктің қызығушылығын танытты. Ол әсем табиғатты, киіз үйлер мен жылғалай аққан бұлақ суын бейнелеген. Қалың көкмайса, будақ бұлттар мен ақбас таулар да биіктен көз сүзген.
Байқаудың негізгі мақсаты - оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдау. Оларға кәсіби бағдар беру. Аталған жарыс, республика деңгейінде жылдағы дәстүрге айналған. Биыл «Бояулар құпиясы» байқауы алтыншы рет өткізіліп тұр.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ