Жасулан Кабдуловтың оқиғасы — «Біз де адамбыз» қоры мен «Тенгизшевройл» компаниясының Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының қолдауы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін қалай өзгертетінінің нақты мысалы. Бұл қолдау олардың дербестікке және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына себеп болды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
2016 жылдың шілдесінде Жасулан Кабдулов ауыр жол апатына түсіп, мойын омыртқасының сынуы салдарынан толықтай сал болып қалды: қол-аяғы қимылсыз болды.
«Өмір бойы қозғалыста жүрген, өзі еңбек етіп үйін асыраған адамға бұл өте ауыр тиді. Біреудің көмегіне тәуелді болу туралы ой жанымды жүдетті», — дейді Жасулан.
Бес жыл бойы ол өзін қоғамнан оқшаулап, үйіне тек жұбайы мен балаларын ғана кіргізді. Ал оны жігерлендіріп, еңсесін түсірмеген — Айгерім болды.
«Алғашқы жылдары өте қиын болды. Жасулан дұрыс ұйықтамайтын, мінезі қатты өзгерді — болмашы нәрсеге ренжіп қалатын. Мен оның қолы мен аяғына айналдым, үйден шыққан сайын уайымдайтынмын», — дейді Айгерім.
Бұрылыс сәті 2021 жылы туды. Сол кезде Жасуланды «Біз де адамбыз» қоры ұйымдастырған «Тиімді реабилитация лагері» жобасына шақырды. Бастапқыда ол барудан үзілді-кесілді бас тартқан, бірақ Айгерім көндірді.
«Мен лагерьге тек әйелімнің арқасында бардым. Сол жерде арбада отырып-ақ өмір сүріп, жұмыс істеп, көлік жүргізетін адамдарды көрдім. Бұл менің санамды өзгертіп жіберді. Белоруссиялық тренерлерден екі жыл оқып, халықаралық реабилитация инструкторы сертификатын алдым. Қазір лагерьді өзім өткізіп, өзгелерге көмектесіп жүрмін», — дейді Жасулан.
Бүгінде ол — бочче спортынан республикалық чемпионаттың күміс жүлдегері, қордың барлық іс-шараларына белсенді қатысушы және осындай жағдайды басынан өткерген талай жанға шабыт беруші.
Айгерім былай дейді: «Анам сол кезде: ең бастысы — ол тірі, балалар әкесіз қалмады, деді. Қазір Жасулан ашылды, қорда жұмыс істейді, басқаларды жігерлендіреді. Біз бір күні оның аяқтан тұратынына сенеміз».
«Біз де адамбыз» қоры — «Тенгизшевройл» компаниясының Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының серіктесі. Қордың миссиясы — мүмкіндігі шектеулі жандар белсенді әрі толыққанды өмір сүре алатын, шынайы инклюзивті және тең қоғам қалыптастыру.
Лия НҰРТАЙ