Анафилактикалық шок кезінде дәрігерлер уақытында әрекет етіп, сәби жанын құтқарды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан білгеніміздей, 15 желтоқсан күні Бірлік амбулаториясына ауыр жағдайда сәби жеткізілді. Анасының айтуынша, Д₃ витаминінің орнына қателесіп эфирлі май берілген. Сәбидің жағдайы күрт нашарлап, терісі бозарып, құрысу белгілері пайда болып, анафилактикалық шоктың клиникалық көрінісі анық байқалды. Учаскелік мейірбике Бисенбаева Бақытгүл және медициналық команда бір сәтке абыржымай, кәсіби сабырлық танытып, шұғыл алғашқы көмек көрсетуді бастап кетті. Тыныс жолдары ашылып, оттегі берілді, шокқа қарсы хаттама бойынша адреналин мен преднизолон енгізілді. Барлық әрекет үйлесімді, дәл және уақытылы орындалды. 7 минут ішінде жеткен Жедел жәрдем бригадасына сәби тұрақтандырылған күйде тапсырылып, әрі қарай реанимация бөліміне жеткізілді.
Бұл жағдай — дәрігерлер мен мейірбикелердің жоғары кәсіби біліктілігі, темірдей тәртібі және командалық жұмысының нәтижесі. Уақытпен жарысқан сәтте үрейге бой алдырмай, адам өмірін құтқару — нағыз ерлік.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: иллюстратив