Атырау қаласындағы Бейбарыс даңғылында орналасқан базарлардың бірінің аумағында киім сататын бутиктерден өрт шықты, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері оқиға орнына келген кезде контейнер үлгісіндегі сауда нүктелерінің ашық жалынмен жанып жатқаны және өрттің көршілес бутиктерге таралу қаупі бар екені анықталды.
Өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді іс-қимылдарының нәтижесінде өрт қысқа уақыт ішінде оқшауланып, толықтай сөндірілді. Жалын көршілес нысандарға тараған жоқ. Өрттің жалпы аумағы 500 шаршы метрді құрады.
Оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп, төрт жауынгерлік учаске құрылды. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себептері анықталуда.
Сәуле МАҒАУ