Атырау облысында Дамбы балық инспекциясының жаңа ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Комитет төрағасы С. Сермағамбетов Атырау облысына жасаған жұмыс сапары барысында Дамбы балық инспекциясы бөлімінің жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне қатысып, нысанның сапасы мен оның аймақтағы балық шаруашылығын дамытудағы маңызын атап өтті. Дамбы балық инспекциясы Жайық–Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының құрамындағы маңызды бөлімшелердің бірі. Ол өңірдегі су айдындарында балық ресурстарын және басқа су жануарларын қорғау, олардың өсімін молайту, тиімді әрі заңды пайдалану ісін қамтамасыз ету бағытындағы бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асырады.

Бөлімнің бақылауындағы аумақ кең әрі стратегиялық маңызға ие: мұнда 11 тонна көлеміндегі учаске, 11 балық қабылдау пункті орналасқан. Кәсіпшілік аулауды балық шаруашылығының 8 субъектісі жүргізеді. Сонымен қатар, рекреациялық аймақ ретінде бұл аумақта күн сайын 5 мыңға жуық әуесқой балықшы балық аулаумен айналысады. Жаңа ғимараттың ашылуы өңірдегі балық шаруашылығы саласының тұрақты дамуына, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және су биоресурстарын тиімді басқару ісін одан әрі күшейтуге бағытталған маңызды қадам.
