Атырау облысында малдың жаппай қырылуы тіркелді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырау облысы Жылыой ауданына қарасты Ақкиізтоғай ауылында бір тәуліктің ішінде бірнеше ондаған ірі қара мал қырылып қалды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, барлық малда іштің қатты кебуі байқалған. Кейбір тұрғындар малдың өлексесін өздігінен сойып көргенде, бауырдың жарылғанын, өкпенің қарайып кеткенін және ішкі ағзалардың шіру белгілерін байқаған.
Жергілікті халық бұл жағдайды Жем өзенінің арнасын кеңейту және шлюз құрылысын жүргізу жұмыстарының салдарымен байланыстырады. Олардың айтуынша, мердігер ұйым орнатқан сүзгі жабдықтарының әсерінен жер асты сулары көтеріліп, мал сол суды ішкен. Көп ұзамай, малдың жаппай қырылуы тіркелген.
Қазіргі таңда ветеринариялық қызмет мамандары қырылған малдан және пайдаланылған судан сынамалар алып, оларды облыстық зертханаға жолдады.
– Қырылған малдан алынған биологиялық үлгілер мен су сынамалары Атырау облыстық ветеринариялық зертханасына улану мен аса қауіпті ауруларды анықтау мақсатында жіберілді. Зерттеу нәтижелері дайын болғаннан кейін қосымша ақпарат беріледі, – деп мәлімдеді Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринария бөлімінің бас маманы Бекарыс Мендіқұлов.
Аман ШАМАР
Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ