Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ұлттық ұланның №6656 әскери бөлімінде болып, сарбаздармен жүздесті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
“Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен білгеніміздей, кездесу барысында Бас мүфти ел қорғаны болған жас жауынгерлерге тағылымды насихат айтып, Отанға адал қызмет ету азаматтық парыз екенін атап өтті.
– «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру – бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы», – деген Наурызбай қажы Тағанұлы сарбаздарды туған жерге сүйіспеншілікпен қарауға, ел тәуелсіздігінің қадірін білуге шақырды.
Ол жас ұрпаққа аманат етілген азаттықтың бағасын терең түсіну – әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін ерекше айтты.
Өз кезегінде ұландық сарбаздар Бас мүфтиге ықылас білдіріп, елге, жерге адал қызмет етуге серттесті.
Кездесу соңында Бас мүфти ақ сарбаздарға ақ батасын беріп, ел игілігі жолындағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Амандық АБДОЛ