Атырау облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы спорт клубы жұмыс істейді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Мұнда 300-ден астам спортшы түрлі спорт түрімен айналысып, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Олардың арасында халықаралық жарыстардан жүлде алып келгендер де бар.
Солардың бірі — Есболат Балабаев. Жеті жылдан бері жеңіл атлетикамен айналысып жүрген ол Марокко, Португалия, Дубайдағы жарыстарда ел намысын қорғап, бірнеше мәрте медальмен оралған. Спортшының айтуынша, спортқа деген ынта оны өмірдің жаңа белестеріне жетелеген.
— Мен үшін ең үлкен жетістік — Мароккодағы жеңіс. Сол кезде өмірім түбегейлі өзгерді. Қазір таңды спортпен қарсы аламын. Біздің клубта теннис, бассейн, түрлі секциялар бар. Кез келген адам спорт арқылы өмірін өзгерте алады, — дейді Есболат Балабаев.
Биыл клубтың құрылғанына 15 жыл толды. Қазіргі таңда мұнда 17 спорт түрі бойынша жаттығу өткізіледі. Қатысушылардың саны жыл сайын артып, жетістіктері де көбейіп келеді.
— Соңғы бес жылда біздің спортшылар халықаралық ареналарда биік белестерді бағындырып жүр. Алдағы уақытта клубтың ауқымын кеңейтіп, жастарды спортқа тартуды көздеп отырмыз, — дейді Атырау облыстық спорт клубы директорының орынбасары Гүлжанат Қаленова.
15 жыл ішінде орталық жүздеген ерекше жанға тірек болып, олардың күш-жігері мен табандылығы қоғамға үлгі болып келеді. Алда әлі талай жеңіс күтіп тұр.
Сәуле МАҒАУ
Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ