21 қыркүйек күні кешке оқу орнынан тыс жерде студент қыздардың арасында жанжал болды. Қоғам бұл жайлы бірнеше күннен кейін, әлеуметтік желілерде бейнежазба тараған соң ғана білді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Белгілі болғандай, төбелеске Атырау сервис колледжінің «Шаштараз ісі» мамандығы бойынша оқып жүрген екінші курс студенттері қатысқан. Білім басқармасында оқу орнында екі қыздың да отбасымен түсіндіру жұмыстары жүргізілгені мәлім болды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін балалар құқығы жөніндегі өңірлік омбудсмен Айжан Сәрсембаева барды.
Оның айтуынша, қақтығысқа қатысқан екі қыз да екінші курста оқиды. Шабуыл жасаған студент қыз қолайсыз отбасынан шыққан: анасы алкогольге әуес, ал қыркүйек айынан бастап ол сабаққа бармай қойған. Ал жапа шеккен студент қыз жайлы пікір оң: сабақтан қалмайды, әкімшілік тарапынан ескерту алмаған.
«Қазір істі полиция тергеп жатыр. Тексеру аяқталған соң, құрбысына қол жұмсаған студент қыздың оқуын жалғастыру- жалғастырмауы шешіледі» деді Сәрсембаева.
Денсаулық сақтау басқармасында жапа шеккен қыздың облыстық ауруханаға жеткізілгенін, онда басына рентген жасалғанын хабарлады. Алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң, ол үйіне жіберілген.
«Қабылдау кезінде қажетті ем жасалды. Дәрігерлер бақылауында болып, жеңіл режим сақтау ұсынылды. Қосымша ауруханаға жатқызу қажет болмады. Диагнозды ата-анасының келісімінсіз жариялай алмаймыз» деп түсіндірді дәрігерлер.
Еске сала кетейік, бұған дейін желіде бір қыздың екіншісін қолымен және аяғымен ұрып жатқан сәті түсірілген бейнежазба тараған болатын. Бұл факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу басталғанын хабарлады. Қазіргі уақытта күдікті Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында.
Сәуле МАҒАУ