11 қазан күні сағат 10:00-де Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің авторларының бірі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдық мерейтойына арналған «Менің Қазақстаным» республикалық ақындар айтысы өтеді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Шара Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткізіледі.
Айтыстың басты мақсаты – халқымыздың көнеден жеткен бекзат өнері айтыс арқылы ана тіліміздің құдіретін паш ету, ұлттық өнердің аясын кеңейту, ел тарихынан тағылым алып, Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Гимнінің мәтінін жазған Жұмекен Нәжімеденовтің есімін ұлықтау.
Сонымен қатар айтыс тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, отансүйгіштік рух пен ел бірлігін нығайтуға, сондай-ақ халықтар достығы мен саяси тұрақтылықты насихаттауға бағытталады.
Жыр додасына еліміздің әр өңірінен келген 12 ақын қатысып, суырып салма өнердің шеберлігін, тапқырлығын және тақырыпты ашудағы тереңдігін көрсетеді. Жыр додасы екі айналымнан тұрады. Қатысушы жұптарға әр айналымда 25–30 минуттан уақыт беріледі. Тақырыпты мазмұнды аша білген, ұйқас үйлесімділігі мен суырып салмалық шеберлігі жоғары ақындарға басымдық беріледі.
Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі айтыс ұйымдастырушысы Аманжол Әлтай жүргізеді.
Қазылар алқасына танымал ақын Жүрсін Ерман төрағалық етеді.
Айтыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін аға буын айтыскерлер мен филолог-ғалымдардан құралған қазылар алқасы анықтайды.
Республикалық деңгейде өтетін бұл рухани шара Жұмекен Нәжімеденов шығармашылығын ұлықтау, ұлттық өнерді насихаттау және жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатын көздейді.
Кіру – тегін.
"AtyrauTODAY"