Жыл сайын қазанның алғашқы жексенбісінде Атырауда қала күні тойланады. Биыл мерекеге орай тұрғындар мен қонақтар үшін түрлі форматтағы 20-дан астам мәдени-спорттық іс-шара ұйымдастырылмақ. Бұл туралы Атырау қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Ерназ Отаров баспасөз брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
– Қала күні қарсаңында өңірдің барлық аумағында театрландырылған қойылымдар, мерекелік концерттер, спорттық сайыстар және халықтық жәрмеңкелер өтеді. Негізгі мерекелік бағдарлама 4 қазанда Исатай–Махамбет алаңында ұйымдастырылады. Сағат 20:00-де «Туған жерім – Атырауым» атты гала-концерт өтіп, отшашумен қорытындыланады. Сондай-ақ мереке аясында тұрғынжайлары апатты деп танылған отбасыларға пәтер кілті табысталады, – деді Е.Отаров ОКҚ тілшісіне.
Атаулы күнде Дамбы және Алмалы ауылдарында жаңа мәдениет үйлері ашылып, тұрғындарға арналған мерекелік концерттер ұсынылады. Сонымен қатар 5 қазанда «AtyrauMarathon» жүгіру марафоны ұйымдастырылып, оған кәсіби спортшылармен қатар әуесқой жүгірушілер де қатысады. Бұдан бөлек Жайық жағалауында балық аулау турнирі, №4 спорт мектебінде самбо біріншілігі өтеді.
Мереке күндері жергілікті өнерпаздармен қатар республикалық деңгейде танымал әншілер мен шығармашылық ұжымдар тұрғындарға арнап өнер көрсетеді. Сонымен бірге қаланың мәдени ошақтары ашық алаңда сазды бағдарламалар ұсынбақ.
Сәуле МАҒАУ
Фото: "АтырауПресс"