Атақты «Әдемі-ау» әнінің өлеңіндегі басты кейіпкер, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының ақылшы анасы, Қарақалпақ АССР-інің халық артисі, ҚР мәдениет қайраткері, көрнекті актриса Әдемі Ділханқызы Сисекенова дүниеден өтті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Қаралы хабар театрдың әлеуметтік парақшасында жарияланды.
"Әдемі апай саналы ғұмырын сахнаға арнап, өнерге адал қызмет етті. Жастайынан әншілігімен аты шығып, бауырлас Өзбекстан, Қарақалпақ елінде қызмет етті. Кейін туған жеріне оралып, театрымыздың сахнасында жарқырады. Әдемі апай сомдаған бейнелер, сахнадағы ғұмыр жолы – театр тарихының алтын беттеріне жазылары сөзсіз. Жастарға үлгі, көпке өнеге боп өткен ардақты Әдемі апамыздың қазасына орай ұрпақтарына, жақын-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Алла рахымына алсын, жаныңызды жарылқасын өнердің аяулы абызы, ардақты Әдемі апай!" делінген хабарламада.
Айта кетейік, Сисекенова Әдемі Ділханқызы – сөзі Бәкір Тәжібаевтің, әні Ескендір Хасанғалиевтің «Бұлбұл құс туған жерден гүл іздейді» деп басталатын «Әдемі-ау» әнінің өлеңіндегі басты кейіпкер болатын. Ол елге өнерімен танылған, Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының актрисасы, Қарақалпақ АССР-нің Халық әртісі, сахна шебері, мәдениет қайраткері, «театрдың анасы» деген құрметті атты иеленген еді.
P.S. Осы орайда, "Atyrau Today" сайтының редакция ұжымы да марқұмның жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтады.
Аман ШАМАР
Фото: mahambet-teatr.kz