Атырау қаласы аумағында екі айлық тазалық айлығы 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін жалғасады, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Бұл туралы шаһар басшысы Шәкір Кейкин қалалық мәслихат төрағасы, дербес бөлім басшылары, полиция басқармасы мен коммуналдық мекемелердің өкілдері қатысқан ижында айтты.
"Қаланың бірқатар аумақтарын аралап, тазалық талаптары бұзылған жерлерде нақты тапсырмалар бердім. Сонымен қатар, талаптарды сақтамаған жеке және заңды тұлғалар анықталып, оларға әкімшілік айыппұлдар салынды. Тазалық айлығы аясында жұмыстар күшейтіледі. Барша тұрғындарды қала тазалығына жауапкершілікпен қарауға шақырамын" деді ол.
Сондай-ақ, ол Атырау облысы әкімі мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімімен бекітілген абаттандыру қағидасына сәйкес, әр жеке және заңды тұлға өзіне тиесілі нысанның мемлекеттік актіде көрсетілген учаскесінен тыс 5 метрге дейінгі аумақтың тазалығын сақтауға міндетті екенін еске салды. Осы бағытта учаскелік полицейлерге тазалық талаптарын күшейту тапсырылды.
"Қала – біздің ортақ үйіміз. Тазалық – мәдениеттің белгісі. Сондықтан әр тұрғын мен кәсіпкерді өз аумағының және одан тыс 5 метр жердің тазалығын сақтауға шақырамын. Таза қала – ортақ жауапкершілігіміз!" дейді қала басшысы.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ