Қызылқоға ауданында жастардың еңбегі мен белсенділігін бағалауға арналған «Жастар премиясы – 2025» салтанатты шарасы өтті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Аудан әкімдігінің қолдауымен және аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткен бұл кеш – жас буынға көрсетілген зор құрметтің айқын көрінісі болды.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін бұл марапаттау рәсімі биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ауданның әр саласында табысты еңбек етіп жүрген үздік жастарды бір арнаға тоғыстырды. Салтанатты кеш аудан орталығындағы «Bolashaq Hall» мейрамханасында өтіп, 14 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды.

Шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали жастарды құттықтап, олардың ел дамуы жолындағы еңбегіне тоқталды. Ол жастардың білім мен білікті, еңбек пен ізденісті ұштастыра отырып, қоғамның қозғаушы күшіне айналып келе жатқанын атап өтті.

Марапаттау рәсімінде:
«Үздік жас мемлекеттік қызметкер – 2025» аталымы Ерсағын Құмаровқа,
«Үздік жас ұстаз – 2025» Дана Булхановаға,
«Үздік жас тәрбиеші – 2025» Әсемгүл Қазамағанбетоваға,
«Үздік өнер ұстазы – 2025» Бибігүл Кушелековаға,
«Үздік жас спортшы – 2025» Ерсін Болатовқа,
«Үздік жас мәдени қызметкер – 2025» Заманбек Абзалұлына,
«Үздік жас кәсіпкер – 2025» Әсел Балгожинаға,
«Үздік шаруагер – 2025» Темірбек Қапашевке,
«Үздік жас полиция қызметкері – 2025» Ізбасар Шалтауға,
«Үздік жас электрик – 2025» Ержан Орыновқа,
«Үздік жас дәрігер – 2025» Нұргүл Кенжеқараға,
«Үздік жас фельдшер – 2025» Гүлзира Хайрошевaға,
«Үздік жас теміржолшы – 2025» Ерназар Есболайға,
«Үздік құтқарушы – 2025» Дархан Кенжебаевқа табысталды.
Салтанатты шара аудан өнерпаздарының мерекелік концертімен қорытындыланды. Кеш соңында жастар естелік суретке түсіп, рухани әсерге толы мерекеден көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Сәуле МАҒАУ
