Қырық жылдан астам уақыт өмірін медицинаға арнаған, шынайы жанқиярлық пен жауапкершілік үлгісін көрсеткен Абдигалиева Гульзада Макиетовна республика бойынша тек жеті адамға берілетін «JIBEK JOLY» телеарнасының «Жақсы адам – 2025» арнайы сыйлығына ие болды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан білгеніміздей, еңбек жолын Мақат аудандық орталық ауруханасының жедел жәрдем бөлімінде бастаған Гульзада Макиетовна тәулік бойы 18 мыңға жуық тұрғынға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, талай адамның өмірін сақтап қалды. Ол реанимациялық шараларды табысты жүргізіп, шұғыл жағдайларда үй жағдайында босандыруға да қатысқан.
COVID-19 пандемиясы кезінде де алдыңғы шептен түспей, науқастарға көмек көрсетті. Өзі ауырғанына қарамастан, қызметіне қайта оралып, ауысымдарға шықты.
Бұл марапат – тек жеке жетістік емес. Гульзада Макиетовнаның еңбегі – адам өміріне деген шексіз жауапкершілік пен адалдықтың, жанқиярлықтың жарқын үлгісі.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ